Басып шығару
Қаралды: 936

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жобасын (бұдан әрі – бұйрық жобасы) әзірлеуде.

            Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар)  жобасында қарастырылған  өзгерістер мен толықтырулар.

1. Өтініш қабылдау мерзімі бойынша:

1.1. ағымдағы жылдың мектеп бітірушілері, орта білім беру ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін күнтізбелік жылғы 1 мен 30 сәуір аралығында;

1.2. халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға күнтізбелік жылдың 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында жүзеге асырылады.

Осы орайда, еліміздегі Төтенше жағдай режиміне сәйкес ағымдағы жылғы мектеп бітіруші түлектерден өтініш қабылдау 2020 жылғы 1 – 30 сәуір аралығында тек онлайн тәртіпте өткізіледі, ал Қағидада белгіленген басқа адамдар үшін ҰБТ-ға өтініш қабылдау 15 сәуірден басталады.

2. ЖОО-ға ақылы негізде қабылдау үшін жоғары оқу орнының бірінші академиялық кезеңі аяқталғанға дейін қабылданған тұлғалар бойынша:

    ЖОО-ға ақылы негізде қабылдау үшін жоғары оқу орнының бірінші академиялық кезеңі аяқталғанға дейін күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде ағымдағы оқу жылы қабылданған адамдар күнтізбелік жылғы 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізілетін ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігі бар. Яғни бұл тұлғалар осы хаттың 1.1-тармағында көрсетілген мерзімде ҰБТ-ға өтініш береді.

3. Білімі туралы құжаттың орнына тапсыратын анықтама бойынша:

    Халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдар ҰБТ-ға өтініш қабылдау барысында білімі туралы құжаты алу мерзімін күтпей-ақ, нотариалды түрде куәландырылған аудармасымен қазақ немесе орыс тілдерінде анықтама (еркін нысанда) ұсынады.

4. 086-У нысандағы медициналық анықтама бойынша:

ҰБТ-ға өтініш берудегі құжаттар тізіміндегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) бекітілген 086-У нысандағы медициналық анықтама 086-У электрондық нысандағы медициналық құжатпен ауыстырылды.

5. Тыйым салынған заттар мен «бөтен тұлғалар» бойынша:

    Егер тестіленушіден тестілеу ғимаратының кіреберісінде тыйым салынған заттар табылған және бөтен тұлғаларды кіргізу фактісі анықталған жағдайда, тиісті акт толтырылып  ҰБТ тапсыруға жіберілмейді.

    Егер аудиториядан тыйым салынған затпен анықталған, тестіленушінің орнына бөтен тұлғаның тестілеу тапсыру фактісі тіркелген жағдайда, тиісті акт толтырылып аталған тұлғалар тестілеуден шығарылады.

    Сәйкесінше тестілеуге тыйым салынған затпен кіруге әрекет жасаған, болмаса аудиторияда анықталған және өз орнына «бөтен тұлғаны» кіргізуге талпынған тестілеушілерге ағымдағы жылы ҰБТ тапсыруға рұқсат етілмейді.

6. Тестілеу кезіндегі бейнебақылау жазбалары бойынша:

Тестіленушілерді тестілеуге кіргізу барысында және ҰБТ кезінде пайдаланылған кітапшаларды сақтау орындарында бейнебақылау жазбаларын жүзеге асыру қажет. Бейнебақылау жазбалары Ұлттық тестілеу орталығына жіберіледі.

Сонымен қатар, ҰБТ аяқталғаннан кейін  күнтізбелік жылдың                                   25 тамызына дейін Ұлттық тестілеу орталығы тестілеу кезіндегі бейнебақылау жазбаларын талдауды жүзеге асырады.

ҰБТ кезінде оқуға түсушілердің Қағидалардың 30-тармағында көрсетілген тыйым салынған заттардың біреуін пайдаланғаны анықталған жағдайда тестілеу нәтижелері (ҰБТ балдары), сондай-ақ республикалық (жергілікті атқарушы органның) бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беруге арналған конкурстың нәтижелері жойылады.