Ағымдағы жылдың 28 наурызы күні Балалар жылы аясында № 28 мектеп-гимназия қабырғасында қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылғанына 5 жыл толуына орай «Бала барысы» (қазақша күрес) облыстық турнирі өтті. Жаңадан бастау алған турнир ұлттық спорт түрлерін насихаттауға, жастардың бастамаларын қолдауға және жас балалардың дарындылығын дамытуға бағытталған.
Облысымыздың 4 қаласы мен 5 аудандарынан келген 30-дан астам жас спортшылар көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етіп, халқымыздың дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметін паш етті.
Мектептегі атмосфера да барша қатысушылардың патриоттық сезімдерін оятып, шаттыққа бөледі. Бірінші қабатта Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығына арнап жабдықталған көрме қонақтар мен спортшыларға ұлы ағартушының өмірі, шығармашылығы жайлы мол мағлұмат берді. Спорт залда баннерлер тақырыпқа сай безендіріліп, екі киіз үй құрылды. Жарыс шартына сай балуандар күреске кигіз үйлерден шығып белдесті.
Белдесу қорытындысы бойынша спорт төрешілері Дарменбаев С. М., Балаканов Д. Г және спорт шебері Біржекенов Н турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықтады.
Чемпиондық белбеу, 1 орын кубогы және велосипед Қостанай ауданы Н. Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының палуаны Ерлан Айдосқа (жаттықтырушысы Жабагин Рысбек) бұйырса.
2 орынның кубогы және планшет Әулиекөл ауданы Сиянов орта мектебінің палуаны Ахметбеков Абылдың (жаттықтырушысы Аманбаев Нұржан) еншісіне бұйырды.
3 орынның кубогын және смарт сағатты Заречный орта мектебінің жас спортшысы Саржанов Мереке (жаттықтырушысы Мұхамбетқали Дәулет) жеңіп алды.
Сонымен қатар, турнирдің барлық қатысушыларына вымпелдер, жейделер және ұлттық тағам - бауырсақтар табысталды.
Барлық палуандарды лайықты марапаттарымен құттықтаймыз! Олардың алдағы уақытта да сәтті өнер көрсетіп, жаңа жеңістерге жетуін тілейміз!
Іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткен демеушілерге алғысымызды білдіреміз!